«Үміт» оңалту орталығының даму тарихы
Бүгінгі «Үміт» оңалту орталығының тарихы шағын екі қабатты ғимараттан басталады. Бұл ғимарат кезінде «Чайка» қонақ үйі мен шахтерлер медициналық санитарлық бөлімшесінің арасында орналасқан. Қазіргі уақытта бұл ғимарат шахтерлер ауруханасының бір бөлігі болып саналады. Ал өткен ғасырдың ортасында бұл жерде полиомиелитпен ауырған және тұрақты күтімді қажет ететін балаларды емдеуге арналған Балалар полиомиелиттік санаторийі орналасқан.
Санаторийдің бас дәрігері әрі жетекшісі-әскери дәрігер Карпова Ольга Петровна болды. Ол аталған мекемеде тұрып, жұмысты өзі бақылап отырған. Жаңа ғимарат салу мәселесі көтерілгенде, бұл жауапты істі жас дәрігер-Давыдова Валентина Фёдоровнаға тапсырды, ол 1969-1972 жылдар аралығында қазіргі корпустың құрылысына басшылық етті.
Көшу және емдеудің жаңа бағыттары
1972 жылы санаторий жаңа үш қабатты ғимаратқа көшірілді. Бұл ғимарат пандустармен, кең дәліздермен, бассейнмен, емдік дене шынықтыру залы және балшықпен емдеу бөлмесімен жабдықталған. Алайда, сол уақытта елде полиомиелит ауруы іс жүзінде жойылып, мекеменің басты бағыты церебралды сал ауруымен (ДЦП) ауыратын балаларға көмек көрсетуге ауысты. Сол кезде санаторий жаңа атауға ие болды-Облыстық балалар психоневрологиялық санаторийі (ОБПНС).
Негізгі ғимараттың жанында қабылдау бөлімі орналасқан. Мұнда балаларды қабылдап, карантинге орналастырғаннан кейін ғана бөлімшелерге жіберілетін. Ол кезде бөлімшелер «посттар» деп аталған және балалардың жас ерекшеліктеріне қарай бөліп жатқызылған.
Бұл жерге барлық қалалар мен облыстардан балалар жіберілді. Емдеу курсы екі айға созылып, медициналық және педагогикалық оңалтуды біріктірді. Санаторийде: физиокабинет, массаж бөлмесі, ортопедтер, логопедтер мен педагогтар жұмыс істеді. Балаларға сабақтарын оқытып, білім беріліп, ертеңгіліктер мен мерекелік шаралар ұйымдастырылатын. Мекеме 200 төсек-орынға арналған, өзіне тиесілі өндірістік жабдықталған кір жуатын бөлмесі, қоймалары мен қосалқы жайлары болды.
1975 жылы санаторийге бүгінге дейін белгілі-«Надежда» Облыстық балалар психоневрологиялық санаторийі атауы берілді.
Өзгерістер кезеңі
1996 жылы мекемені 24 жыл бойы басқарған Валентина Фёдоровна Давыдова зейнетке шығып, оның орнына Гүлнар Каппаровна Ералинова тағайындалды. Ал 1999 жылы экономикалық қиындықтарға байланысты санаторий Балалар психоневрологиялық диспансерімен біріктіріліп, мекемені Аликов Борис Александрович басқарды.
2004 жылдан бастап, мекеме қайтадан дербес ұйым ретінде құрылып, ММ «Үміт» оңалту орталығы болып жаңа атауға ие болды, орталық жүйке жүйесінің органикалық зақымдануы мен психикалық бұзылыстары бар балаларға арналған мемлекеттік мекеменің жаңа бас дәрігері болып Артыков Амангелді Тілеуғабылұлы тағайындалды. Осы кезеңде қарқынды жаңғырту жұмыстары басталды: күрделі жөндеу жүргізілді, медициналық құрал-жабдықтар жаңартылды, жаттығу құрылғылары мен физиотерапиялық аппараттар сатып алынды, тамақтану және дәрімен қамтамасыз ету жақсарды.
Қазіргі даму кезеңі
Бүгінде орталықта төрт бөлімше жұмыс істейді:
- Кинетикалық-неврологиялық оңалту бөлімшесі–45 орын
- Кезеңдік оңалту бөлімшесі–45 орын
- Медициналық-әлеуметтік оңалту бөлімшесі–45 орын
- «Ана мен бала»–15 орын
Орталықта білікті дәрігерлер, мейірбикелер, логопедтер, дефектологтар, психологтар мен тәрбиешілер еңбек етеді. Олар балалардың денсаулығын қалпына келтіруде кешенді жұмыстар жүргізеді.
2019 жылы мекеме КМКК «Үміт» оңалту орталығы» деп өзгерді, сол жылдың қазан айында жаңа мәртебе-ШЖҚ КМК «Үміт» оңалту орталығы (шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын) атауы берілді.
2021 жылдан 2022 жылдың маусымына дейін орталықты Аманбекова Сәуле Батырқызы басқарды, ал 2022 жылдың тамызынан 2025 жылдың тамызына дейін Бекембаев Жақсылық Рахманберліұлы басшылық етті. Осы уақыт аралығында жөндеу жұмыстары жүргізілді, мүгедектер арбалары үшін есік жақтаулары кеңейтілді, лифттер ауыстырылды, балалар алаңдары абаттандырылды, ЕДШ залына заманауи жаттығу құрылғылары орнатылды.
2025 жылдың қыркүйегінен бастап орталық директоры-Абзалиев Қанат Баяндыұлы. Мекеме облыстық маңызы бар 150 төсек-орынға арналған. Балалар алғашқы келген күннен бастап маршруттық парақшалар бойынша емдеу курстарынан өтеді және қажетті барлық тағайындауларды алады.
Ата-аналар медициналық көмектің жоғары деңгейі мен қызметкерлердің сыпайы қарым-қатынасына ризашылығын білдіруде. Орталықта ғимаратты жаңарту және жабдықтарды жетілдіру жұмыстары жалғасуда: тамақтану блогына жаңа мұздатқыш камералар мен жуу құралдары орнатылды, қазіргі заманға сай оңалту жабдықтары сатып алынды, аккредитация мен жұмыс жоспарлары тұрақты түрде орындалуда.

